2010 ж.

«Қазақстан әлемдік қоғамдастықта» көрмесі

      2010 жылдың 22 сәуірінде Шығыс Қазақстан облыстық Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің (Астана қаласы) қорынан ұйымдастырылған «Қазақстан әлемдік қоғамдастықта» көрмесі ашылды.
      Көрменің ашылу салтанатына облыстық мәдениет басқармасының бастығы М.Ш. Тойкенов, қалалық мәдениет басқармасының бастығы К.Ж. Нұрқасым, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейі директорының орынбасары К.Қ. Ақтаева, Шығыс Қазақстан облыстық Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінің директоры Т.А. Стромская, Семей қаласы музейлерінің, қаланың мәдени мекемелерінің директорлары қатысты.
      Көрменің мақсаты Қазақстанның қазіргі әлемдік қоғамдастықтағы орны мен рөлін, егемендікке қол жеткізген кезеңдегі жетістіктерімізді тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қызметі тұрғысынан көрсету болып табылады.
      Көрмеге қойылған 228 экспонат Қазақстанды әлемдік қоғамдастықтың тең құқылы мүшесі ретінде танудың айғағы болып табылады. Сонымен қатар бұл - Қазақстан Президентінің жеке өз басына және қазіргі Қазақстанның қалыптасу әрі әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіру жолындағы көп қырлы қызметіне көрсетілген құрмет белгісі.
      Көрменің негізгі мазмұнын АҚШ, Қытай, Ресей, Үндістан секілді әлемдік державалардың, Еуропалық Одақ, Азия-Тынық мұхиты аймағы, мұсылман және ТМД елдерінің басшылары сыйлаған сый-сыяпаттар ашады. Олардың қатарында ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао сыйлаған, асқан нәзіктікпен жібекке кестеленіп орындалған панно, Ресей Федерациясының бұрынғы Президенті В. Путин сыйға тартқан әшекейленген күміс қобдиша, Ұлыбритания Королевасы II Елизавета тарту еткен алтыннан жасалған үстел сағат және т.б. бар.
      Күміс және фарфор сәндік табақтар, монеталар мен маркілер коллекциясының сыйлық жиынтықтары, ұсақ пластикадан жасалған бұйымдар және басқа да экспонаттар көрушілердің басқа халықтардың мәдениетімен жақынырақ танысуына мүмкіндік береді.
      Көрме 2010 жылдың 22 сәуірінен 14 мамырына дейін жұмыс істейді.


       «Нұр Отан» ХДП аймақтық филиалының бастамасымен Бұхар жырау атындағы Павлодар облыстық әдебиет және өнер мұражайында 2010 жылдың 9 сәуірінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің қорынан ұйымдастырылған «Халқыммен ой бөлістім» көрмесі ашылды. Ол Қазақстандағы президенттік институттың 20 жылдығына арналған іс-шаралар аясында өтеді.
    Тұңғыш рет қалың жұртшылыққа Н.Ә. Назарбаевтың қаламынан туған қолжазбалар, эскиздер, Тұңғыш Президентке, тәуелсіз Қазақстанның жетістіктеріне арналған әдеби, музыкалық туындылар ұсынылды.
      Мемлекетті басқару өнері еліміздің үдемелі дамуы мен қалыпты қызметін айқындайтын шешімдер қабылдаумен ғана шектелмейді. Ол сонымен қатар күн сайын халықпен кездесіп, араласуды, пікір алмасуды, ағымдағы жағдайдан нақты хабар алып отыруды, өз ой-пікірін, болжамдарын шешендікпен жеткізе білуді, ел алдында тұрған мақсаттар мен міндеттерді нақты тұжырымдай білуді, сөйтіп, өзінің сенімі арқылы адамдарды күтілетін нәтижелерге қол жеткізуге ұмтылдыруды да талап етеді. Қазақстанның Тұңғыш Президентіне тән дәл осы қасиеттер мен мінез-құлықты көрменің ашылу салтанатына қатысқан Павлодар облысы әкімінің орынбасары А.К. Ғалымова, «Нұр Отан» ХДП Павлодар облыстық филиалының бірінші орынбасары А.К. Нұркина, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейі директорының орынбасары К.Қ.Ақтаева атап көрсетті.
      Павлодар облысының тұрғындары экспозициямен 2010 жылдың 29 сәуіріне дейін таныса алады.


     2010 жылдың 4 наурызында Солтүстік қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайында (Петропавл қаласы) Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің қорынан ұйымдастырылған «Ұлы дала бейнесі...» атты көрменің (Астана қаласы) салтанатты ашылу рәсімі өтті.
      Қазақстан Республикасындағы Польша Республикасының Елшілігімен бірлесіп ұйымдастырылған бұл көрменің мақсаты – келушілерді Б.Залесский мен К. де Лазаридің туындылары арқылы қазақ халқының ХІХ ғасырдағы тұрмысымен таныстыру.
      Қазақстанға жер аударылып, ұзақ уақыт бойы осында тұрып, өмір сүрген поляк суретшісі Бронислав Залесский (1820 - 1880 жж.) өзінің соңына ғажайып офорттар сериясын қалдырды. Еуропаға қайтып оралған соң, көп жылдар бойы өзінің көргендерін еске ала отырып, қазақ жерінің тамаша табиғатының суретін салып, жариялап отырды. 1865 жылы Парижде автордың «Қазақ даласының өмірі» атты кітап-альбомы жарық көрді, ол 22 офорттан тұрады, мұнда оларға автордың түсініктемесі берілген. Еуропа суретшілері арасында тұңғыш рет Бронислав Залесскийдің «Қазақ даласындағы өмір» шығармалар коллекциясында қазақтардың өмірі нағыз шынайы қалпында көрсетілген. Үй жабдықтары, киім-кешектері, этнографиялық детальдардың суреттері аса дәлдікпен салынған, пейзаждар мен өткеннің ескерткіштері шынайы орындалған.
      Бронислав Залесский материалдары - өте биік талғамның, әсердің, табиғаттың айрықша сипатының, адамдардың және олардың ХІХ ғасырдағы өмірінің коймасы, қайнар көзі.
      Константин Николаевич де Лазари – белгілі поляк зерттеушісі, бірегей этнографиялық фотоколлекциялардың авторы. 1897 және 1898 жылдары ол Ұлы Петр атындағы Антропология және этнография музейіне (Кунсткамераға) Жетісу облысы Лепсі уезі мен Ақмола облысы Көкшетау уазі қазақтарының мәдениеті мен тұрмысын бейнелеген үш фотоматериалдар коллекциясын жіберген. Фотоколлекциялар құрамында қазақ қыздарының – қалыңдықтың тойда киетін бас киімі – «сәукеле» бар, бұл – осы бас киімнің ең алғаш түсірілген суреті. Бұл суреттердің барлығы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында айналымға енгізілген қазақ халқының этногенезі, салт-дәстүрлері бойынша сенімді құжат көзі болып табылады.
      Бұл көрме тұңғыш рет 2009 жылдың күзінде Тұңғыш Президент Музейінің қабырғасында ұсынылды, неді сәуірдің 4-іне дейін оны Петропавл қаласының тұрғындары мен қонақтары тамашалай алады.