Тақырыптық экскурсиялар

       Тақырыптық экскурсиялар тұрақты экспозициялардағы арнайы залдар мен жәдігерлер бойынша, уақытша тақырыптық көрмелер бойынша өткізіледі.

 


    2016 жылы 17 қарашада Экономикалық лицей оқушыларына швед суретшісі Туве Крабоның Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының  25-жылдығына арналған «Түзелмейтін қателік: алғашқы жарылыс» жеке көрмесі бойынша тақырыптық экскурсия өткізілді. Экскурсия барысында тыңдаушылар суретшінің ядролық сынақтарға және олардың адамзат пен қоршаған ортаға тигізген алапат зардаптарына арналған жұмыстарымен танысты.

   Біздің еліміздің ядролық қарусыздану бағытындағы қызметі әлемдік қауымдастық үшін үлгі болып отыр. Көрмедегі акварель, сия және акрилмен орындалған жұмыстар сериясы тыңдаушыларды ерекше әсерге бөлеп, Қазақ елінің бұл жойқын қарудан бас тарту шешімінің дұрыс болғандығын ұғынуға мүмкіндік берді. 


 

   2016 жылы 4 қарашада Астана қ. № 56 мектеп-лицейінің 6-сынып оқушыларына Музейдің «Атамекен», «ҚР Тұңғыш Президентінің еңбек жолы» экспозициялары бойынша тақырыптық экскурсия өткізілді. Экскурсия барысында оқушылар Тұңғыш Президенттің атамекені, оның отбасы, мектеп жылдары, еңбек жолы жайлы баяндайтын мұрағаттық құжаттармен, фотосуреттермен, материалдық құндылықтармен танысты. Сондай-ақ ҚР Президенті жеті жыл қызмет атқарған Жұмыс кабинетін көріп, ерекше әсер алды. Экскурсия соңында «ҚР Президентінің Ұлықтау рәсімі» экспозициялық қойылымында естелікке суретке түсу мүмкіндігіне ие болды.


 

  2016 жылы 4 қарашада Астана қ. № 56 мектеп-лицейінің 8-сынып оқушыларына «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» атты тақырыптық экскурсия өткізілді. Экскурсия барысында оқушылар наградалардың пайда болуы тарихымен, көптеген елдердің марапат жүйелерімен және  ҚР Тұңғыш Президентіне табыс етілген шет елдердің жоғары мемлекеттік наградаларымен танысты. Музейдің Күміс залында орналасқан бұл экспозиция тыңдаушыларға Қазақстанның бүгінгі таңдағы жетістігін, оның әлемдік қауымдастықтағы алатын орнын ұғынуға мүмкіндік берді.

Экскурсия соңында оқушылар «ҚР Президентінің Ұлықтау рәсімі» экспозициялық қойылымында естелік суретке түсу мүмкіндігіне ие болды.


 

      2016 жылы 26 ақпанда Қаржы академиясы колледжінің 1 курс студенттеріне ҚР Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өткен залдың экспозициясы «Қару-жарақтар коллекциясы» бойынша тақырыптық экскурсия жүргізілді. Экскурсия барысында қонақтар әлемге әйгілі Құбашы және Златоуст қару-жарақ шеберлерінің туындыларымен танысты. Тақырыптық экскурсияның интерактивті бөлігінде тыңдаушылар керемет құбашылық өрнектер және златоусттық болатты әшекейлеу өнерінің үлгілерімен жақынырақ танысу мүмкіндігіне ие болды.