2008 ж.

2008 ж.

1. «Тұңғыш Президент және құқықтық мемлекеттің қалыптасуы» ұжымдық монографиясы.
      Бұл ұжымдық монография Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі бастамашылығымен «Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің саяси бастамалары» ғылыми бағдарламасын әзірлеу аясында дайындалды. Монография Қазақстан Республикасында сапалы жаңа құқықтық кеңістіктің қалыптасуы мен дамуының негізгі мәселелерін қарастыратын белгілі саяси және мемлекеттік қайраткерлер, жетекші ғалымдар мақалаларынан тұрады. Беделді заңгерлер мен құқықтанушылар басылым беттерінде құқықтық мемлекеттің қалыптасуының жалпы үдерісіндегі құрамдас элементтерге – конституциялық құрылым пен парламентаризмге талдау жасайды. Құқықтық мемлекетті нығайтудағы Мемлекет басшысының айрықша рөлі атап көрсетіледі.
      Басылым құқытық мемлекеттің қалыптасу мәселелері қызықтыратын мамандар мен көпшілік оқырман қауымға арналған.
2. «Тәуелсіз Қазақстанның саяси жаңғыруы» баяндамалар мен мақалалар жинағы.
      Жинақ материалдары қоғамдық өмірді ұйымдастырудағы, саяси жүйенің эволюциясындағы саяси үдерістер мен демократиялық дәстүрлерді зерттеуге және талдау жасауға арналған. Авторлар парламентаризмнің қалыптасуына, азаматтық қоғам институттарының дамуына, республикадағы партиялық-саяси жүйенің ерекшеліктеріне және қоғамдық сананың өзгеруіне айрықша көңіл бөледі.
      Жинақ саясаткерлер, тарихшылар, студент және оқушы жастар үшін, сонымен қатар Қазақстан Республиңкасындағы жаңғыру үдерістерінің даму ерекшеліктеріне қызығушылық танытатын қалың көпшілікке арналған.
3. «Стратегиялық мемлекеттік басқару моделінің қалыптасуындағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің рөлі» баяндамалар мен мақалалар жинағы.
      Негізгі назар Қазақстандағы стратегиялық мемлекеттік басқару жүйесінің қалыптасу, даму және тиімділігі мәселелеріне аударылады. Жинақ авторлары ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев еңбектері мен оның Қазақстан халқына Жолдауларында тұжырымдалған экономиканы мемлекеттік реттеу ерекшеліктерін, жергілікті өзін-өзі басқарудың даму келешегін зерттейді.
      Қалың оқырман қауымға арналған.
4. «Музей сабақтарының жинағы. 2007-2008 оқу жылы».
      «Музей сабақтарының жинағына Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің қабырғасында өткізілген сабақтардың әзірлемелері, сыныптан тыс іс-шаралардың сценарийлері енген. Қазақстандық патриотизм, азаматтылық, тарихи сананы тәрбиелеу мәселелері бойынша Музей, мемлекеттік құрылымдар және білім беру мекемелерінің бірлескен қызметінің тәжірибесі жинақталған.
      Басылым оқытушылар, әдіскерлер, педагогтер мен психологтар, сонымен қатар жастар үшін қажетті құрал болып табылады.
5. «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің коллекцияларындағы Қазақстан тарихы мен мәдениетінің бұйымдары» ғылыми-қор жинағы.
      Жинақта Музей коллокцияларын жинақтаушылардың Қазақстанның тарихи-мәдени дамуының алуан түрлі кезеңдерінің ерекшеліктерін көрсететін жәдігерлер туралы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері ұсынылған. Жүйеленген ғылыми деректер егемен Қазақстанның жетістіктерін, Дала билігі мен басқару жүйесіндегі дәстүрлерді, халықтың күнделікті өміріндегі картиналарды қайта жаңғыртуға мүмкіндік береді.
      Жинақ тарихшылар, этнологтар, мәдениеттанушылар үшін қызығушылық туғызады және гуманитарлық бейіндегі оқу орындары мен мектептердің студенттері мен оқушыларына, сонымен қатар Қазақстан тарихымен, этнологиясымен және мәдениетімен айналысатын оқырман үшін пайдалы болмақ.
 6. «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің коллекцияларындағы әлем халықтарының материалдық және рухани мәдениеті» ғылыми-қор жинағы.
      Жинақ Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің коллекцияларындағы неғұрлым тартымды жәдігерлермен таныстырады. Азия, Еуропа, Америка халықтарының рухани мәдениетінің жоғары үлгілері суретшілердің, мүсіншілердің, зергерлердің бұйымдары арқылы нақтылы көрсетілген. Жер шарының түрлі аймақтарының материалдық мәдениеті қазіргі өркениеттің қалыптасуы мен дамуындағы тарихи, шаруашылық ерекшеліктерді бейнелейді.
      Музей коллекцияларын сақтаушылардың ғылыми жұмыстарының нәтижелері оқушылар үшін де, студенттер үшін де, сонымен қатар тарих-этнология және мәдениеттану бейініндегі мамандар үшін де ғылыми және танымдық қызығушылық туғызады.
«Алға ұмтылған Қазақстан» аймақаралық көрме жобасының каталогтары:
      «Сыр бойы тұнған шежіре» - Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорынан;
«Жайық жағалауы сыр шертеді» - Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Ш.Сариев атындағы бейнелеу өнері музейінің қорынан.