Жаңа экспонаттар

04.11.2016. Астана. Ақорда.

Елбасы Н. Ә. Назарбаев Словакия Республикасының Сыртқы және Еуропа істері министрі Мирослав Лайчакпен кездесті. Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынасты жандандыру, саяси және экономикалық саладағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 24 жыл толғанын айтты.
Сонымен бірге, Словакияның Сыртқы және Еуропа істері министрі Қазақстанның Еуропалық одақпен қарым-қатынасын жаңа сапалы деңгейге көтерудің маңыздылығын айтты.
Бұдан бөлек, М.Лайчак өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді реттеудегі еліміздің аса маңызды рөлін атап өтіп, оның мәні республикамыздың БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне алдағы мүшелігіне байланысты арта түскенін жеткізді.
 
Сутастан жасалған табақ. Словакия Республикасының Сыртқы және Еуропа істері министрі Мирослав Лайчактан.

 

 

07.11.2016. Жапония. Токио қ.

ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаев Жапония Парламентінің Қазақстан Республикасымен достық лигасының төрағасы Такео Кавамурамен және лига мүшелерімен кездесті. Әңгіме барысында Мемлекет басшысы Жапония Парламентінің Қазақстан Республикасымен достық лигасы екі ел халқы арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға баға жетпес үлес қосқанын атап өтті.Қазақстан Президенті елімізге көрсетілген қолдау мен ынтымақтастықты дамыту жолында жұмсалған күш-жігер үшін алғыс айтты.«Сіздер бізге ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу құқығына ие болу жолында және ядролық қарусыздану жұмысын жүргізу барысында зор қолдау көрсеттіңіздер», – деді Н. Ә. Назарбаев.Елбасы барлық бағыт бойынша Қазақстан мен Жапония ынтымақтастығының жанданып келе жатқанына назар аударды.«Біз тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өтудеміз. Бұл онша ұзақ мерзім емес. Алайда, осы уақыт ішінде біз көп жетістікке жеттік деп санаймын. Жапониямен қарым-қатынасты одан әрі дамыту біз үшін маңызды. Біз – Азия елдеріміз, біздің тарихымыз ортақ», – деді Қазақстан Президенті. Осы орайда, Мемлекет басшысы өзінің «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесін жариялағанына және БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясында 2045 жылға қарай ядролық қарудан азат әлем қалыптастыру мақсатына қол жеткізуге шақырғанына тоқталып, осы бастамаларға Жапония тарапының да қолдау көрсететініне сенім білдірді.

«Кагами» стақаны. Көк және қызыл түсті сутастан. Жапония Парламентінің Қазақстан Республикасымен достық лигасының төрағасы Такео Кавамура мырзадан. 

07.11.2016. Жапония. Токио қ.

Қазақстан Президенті Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэмен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Кездесу барысында Н. Ә. Назарбаев пен Синдзо Абэ екі ел ынтымақтастығының ауқымды мәселелерін, соның ішінде саяси өзара іс-қимыл, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастың жайын талқылады.

Мемлекет басшысы біздің республиканың Токиомен жан-жақты серіктестікті нығайтуға мүдделі екенін және ол үшін қажетті әлеует бар екенін айтты. Бұл орайда Елбасы сауда-экономикалық ынтымақтастық екіжақты қарым-қатынастың қозғаушы күші болып саналатынын жеткізді.

 

Кагами» вазасы. Қызыл түсті сутастан. Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэ мырзадан.

08.11.2016. Жапония. Токио қ.Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаев «Токай» университетінде болды. Қазақстан Президенті университетті аралау барысында күннен қуат алатын «Токай челленджер» автокөлігін көріп, «Болашақ» бағдарламасы бойынша осында оқып жатқан қазақстандық студенттермен әңгімелесті.Елбасы оқу орнының ұжымы алдында сөйлеген сөзінде «Токай» университеті мен Назарбаев Университеті арасында қалыптасқан серіктестік қарым-қатынасқа назар аударды. Елбасыға Жапонияның жетекші білім беретін және ғылыми-зерттеу орталығы болып саналатын «Токай» университетінің Инженерлік ғылымдарының құрметті докторы дәрежесі берілді. «Токай» университетінің ректоры Ямада Киеси Н. Ә. Назарбаевқа Құрметті доктор дәрежесінің дипломы мен медалі тәуелсіздік кезеңінде Қазақстанды өркендетуге, сондай-ақ, ғылым және білім беру саласын халықаралық стандарттарға сай дамытуға қосқан үлесі үшін берілгенін атап өтті.

 
«Токай» университетінің Инженерлік ғылымдарының Құрметті докторы» медалі. дипломы қосымша. 
 

«Токай» университетінің Инженерлік ғылымдарының Құрметті докторы мантиясы. 

 

Рюмкалар жинағы. «Токай» университетінің нышандары бар көк және қызыл түсті рюмкалар. 

08.11.2016. Жапония. Токио қ. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев Гои бейбітшілік қорының президенті мен төрағасы – ерлі-зайыпты Хироо және Масами Сайонджимен кездесіп, Гои бейбітшілік қорының 2016 жылғы «Ядролық қарусыздану және таратпау ісіне қосқан елеулі үлесі үшін» бейбітшілік мәдениеті арнаулы сыйлығымен марапаттау рәсіміне қатысты.

Н. Ә. Назарбаев қордың жетекшілерімен әңгімелесу барысында жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілік, қарусыздану мен таратпау, терроризммен күрес мәселелерін шешуге, сондай-ақ, өңірлік мәселелерді реттеуге Қазақстанның елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті.Мемлекет басшысы бұл қордың біздің республикада білім беру, ғылым мен мәдениет салаларындағы бірқатар жобаларды жүзеге асыра алатынына сенім білдіріп, гуманизм мен әлемдік мәдениет құндылықтарын насихаттау үшін ынтымақтастықты дамытуға әзір екенін айтты.1999 жылы құрылған Гои бейбітшілік қоры – Жапонияның ірі үкіметтік емес ұйымдарының бірі. Ол бейбітшіл бастамаларды ілгерілету бағытында ауқымды халықаралық қызмет атқарадыГои бейбітшілік қорының 2016 жылғы «Ядролық қарусыздану және таратпау ісіне қосқан елеулі үлесі үшін» бейбітшілік мәдениетінің арнаулы сыйлығы. Сертификат. Гои бейбітшілік Қорының президенті Хироо Сайонджи мырзадан.

«Бүкіл әлемде адамзатқа бейбітшілік болсын» ескерткіші. Ағаш. Гои бейбітшілік Қорының президенті Хироо Сайонджи мырзадан.

 

 

08.11.2016. Жапония. Токио қ.

Елбасы Н. Назарбаев Жапония Парламентінде сөз сөйледі. Мемлекет басшысы Жапония Парламентінде сөз сөйлеуге мүмкіндік алғаны үшін ризашылық білдірді. «Елдеріңіздің Заң шығару жиналысы халық билігінің тамыры терең тарихи дәстүріне ие бола отырып, мемлекеттің демократиялық тұрғыдан табысты дамуына зор үлес қосып келеді. Бүгінгі таңда Жапония көп сала бойынша көш бастап тұр, ол – экономикасының өсімі жөнінен әлемдегі үшінші ел», – деді Н. Ә. Назарбаев. Қазақстан Президенті жапон халқының еңбексүйгіштігі мен өзін-өзі жетілдіруге деген құштарлығы елдің өркендеуіне септігін тигізіп отырғанын атап өтті. «Жапонның «кайдзен» философиясы тек басқару мен технологиялық биіктерді бағындыруға ғана мүмкіндік беріп қоймай, сонымен бірге жалпыадамзаттық құндылықтар қазынасына қосылды. Жапон халқының ойлау жүйесі қазақтардың дүниетанымына жақын әрі онымен үндес екенін айта аламын. Бізді халықтарымыздың қиын да күрделі, кейде тіпті тақсіретті тағдыры тығыз байланыстырады. Қазақстан мен Жапония жаппай қырып жоятын қарудың бүкіл қасіретін бастан өткерді», – деді Мемлекет басшысы.

 

«Жалын-құстар» панносы. Жапония Парламенті Кеңесшілер Палатасының Президенті Чуичи Датэ мырзадан.

08.11.2016. Жапония. Токио қ.
Қазақстан Президенті Н. Ә. Назарбаев Жапонияның іскер топтар өкілдерімен кездесті. Мемлекет басшысы жетекші жапон компаниялары өкілдерімен кездесу өз сапары аясындағы аса маңызды іс-шараның бірі екенін атап өтті. Қазақстан Президенті екі ел түрлі бағыттағы, соның ішінде, мұнай-газ, металлургия, қаржы салалары, тау-кен өндірісі бойынша ынтымақтастық орнатып отырғанын атап өтті. Республикамызда 50-ден астам жапон кәсіпорындары жұмыс жүргізуде.Мемлекет басшысы елімізде бизнеспен шұғылданудың жағдайын жақсарту үшін жүйелі шаралар қабылданып жатқанын, Дүниежүзілік банктің «Бизнес жүргізу жеңілдігі» рейтингінде Қазақстан 35-ші орынға шыққанын атап өтті.Сондай-ақ, Қазақстан Президенті еліміздің жаңа Жібек жолы жобасына белсене қатысып, көлік инфрақұрылымын белсенді түрде жандандырып жатқанына назар аударды. Бұл логистика мәселелерін шешіп, екі ел бизнесінің өзара іс-қимылы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын болады.
 

«Президент Назарбаев» үстел үстіне қоятын кәдесыйы. Хризантеманың жаңа сұрыпына арналған шыныдан жасалған кәдесый. Сертификат. Бизнес өкілдерінен.

09.11.2016. Жапония. Хиросима қ.

ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаев Мемориалдық бейбітшілік саябағында болды. Мемлекет басшысы осы саябақтағы 1945 жылы атом бомбасынан құрбан болғандарды еске алуға арналған Кенотафқа гүл шоғын қою рәсіміне қатысты. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Мемориалдық бейбітшілік музейінің экспозициясын аралап көрді.

 

Хиросима қаласының балалары жасаған түрлі-түсті оригамилер және ұл баланың фотосуреті. Хиросима қ. Мемориалдық бейбітшілік музейі. 

Тұқылар (балық) суреттелген кәдесыйлық тәрелке. Хиросима қ. Мемориалдық бейбітшілік музейі.
«Lunsh Box» панносы. Хиросима қ. Мемориалдық бейбітшілік музейі.

09.11.2016. Жапония. Хиросима қ.

Қазақстан Президенті «Хиросима қаласының айрықша құрметті азаматы» арнаулы атағын тапсыру рәсіміне қатысты. Мемлекет басшысы өзіне айрықша құрметті азамат атағын бергені үшін Хиросима қаласының билік өкілдері мен жұртшылығына ризашылығын білдіріп, мұны Қазақстан мен Жапонияның антиядролық қозғалыстағы ниеттестігінің белгісі деп атады.«Жапонның Хиросима мен Нагасаки қалалары адамзаттың жаппай қырып-жою қаруына қарсы күресінің жалпыәлемдік символы болып саналады. Сіздердің ядролық қару-жарақтан ада әлемді қалыптастыру жолында жұмсаған күш-жігерлеріңіз бен қосқан өлшеусіз үлестеріңізді бүкіл әлем жоғары бағалайды», – деді Н. Ә. Назарбаев.Қазақстан Президенті атом бомбасынан құрбан болған ондаған мың адамның рухына тағзым ету үшін Хиросимаға арнайы келгенін айтты.«Хиросимаға келіп, Бейбітшілік мемориалы саябағы нысандарымен танысу кезінде ядролық қарусыздану мен таратпау саласындағы біздің бастамаларымыздың маңыздылығына деген сенімім тағы да беки түсті. Осы жерде, Хиросимада тұрып, атом бомбасы жарылысының бар қасіретті салдарын көре отырып, бүкіл әлем көшбасшыларын ядролық сынақтардан бас тартуға, атом қасіретінің қайталануына жол бермеуге шақырамын», – деді Мемлекет басшысы.Қала мэрі Кадзуми Мацуи Хиросимаға келгені үшін Н. Ә. Назарбаевқа барша тұрғындар атынан алғыс білдіріп, оған айрықша құрметті азамат атағының берілуі ядролық қарусыз әлем үшін күрестегі сіңірген еңбегінің жоғары бағалануының белгісі екенін атап өтті.
«Хиросима қаласының айрықша құрметті азаматы» омырау белгісі. Хиросима қалысының мэрі Мацуи Кадзуми мырзадан.

Жапония мұнарасының макеті. Ағаш. Хиросима қаласының мэрі Мацуи Кадзуми мырзадан.

10.11.2016. Корея Республикасы. Сеул қ.

Қазақстан Президенті Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хемен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Мемлекеттер көшбасшылары екіжақты өзара іс-қимылдың, соның ішінде сауда-экономика, қаржы-инвестиция, көлік-коммуникация, ғылым, техника салаларындағы ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ, тараптар күн тәртібіндегі халықаралық және өңірлік өзекті жайттар, атап айтқанда, ядролық қарусыздану мен таратпау, киберқылмыс қатерінен төніп отырған жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөнінде пікір алмасты.

 

«Ұзақ өмір сүрудің он нышаны жиектелген кестесі» (табиғат) панносы. Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хе ханымнан.

10.11.2016. Корея Республикасы. Сеул қ.

ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаев «Енсей» университетінде болды. Қазақстан Президентіне «Енсей» университетінің Құрметті ғылым докторы атағы берілді.

Мемлекет басшысы елдің жетекші оқу орны болып саналатын университет ұжымы алдында сөйлеген сөзінде оның қызметінің болашақ көшбасшыларды тәрбиелеуге бағытталғанын және білім беру саласының қарқынды дамуы Оңтүстік Кореяның қол жеткізген жетістігінің басты кепіліне айналып отырғанын атап өтті.

Университет ректоры Ким Юн Хак Н. Ә. Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанның ядролық қарудан бас тартып, әлеуметтік-экономикалық даму жолында зор табыстарға жеткенін айтып, Құрметті доктор атағының берілуі оның осы еңбегінің жоғары бағалануының белгісі екенін атап өтті.

 

«Енсей» университетінің Құрметті ғылым докторының дипломы. «Енсей» университеті. Сеул, Корея.

«Енсей» университетінің Құрметті ғылым докторының мантиясы. «Енсей» университеті. Сеул, Корея.

Орамал жинағы. «Енсей» университетінің нышаны бар түрлі-түсті орамалдар. «Енсей» университеті. Сеул, Корея.

15.11.2016. Астана. Ақорда.

ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаев Сербия Республикасының Премьер-министрі Александр Вучичпен кездесті. Кездесуде Мемлекет басшысының Сербияға биылғы тамыздағы ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу мәселелері талқыланды.

Қазақстан Президенті Сербия біздің республиканың Еуропадағы маңызды серіктесі болып саналатынын және экономикалық қарым-қатынасты дамыту үшін жеткілікті әлеуеттің бар екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстан Үкіметімен Сербия тарапының жүргізетін жемісті келіссөздері, бұл елдің алдағы бірлескен бизнес-форумға қатысуы екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға тың серпін беретініне сенім білдірді.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Сербия компанияларын «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық бағдарламасы мен индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыруға белсене қатысуға шақырды.

«Жасыл, жасыл...» кескіндемесі. Кенеп, майлы бояу. Сербия Республикасының Премьер-министрі Александр Вучичтен.

21.11.2016. Астана. Ақорда.

Мемлекет басшысы Чех Республикасының Сыртқы істері министрі Любомир Заоралекпен кездесті. Кездесуде мемлекетаралық өзара іс-қимыл мәселелері, сондай-ақ бүгінге дейінгі қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысы талқыланды.

Қазақстан Президенті екі ел арасында достық қарым-қатынастың қалыптасқанына тоқталып өтті.

Л. Заоралек Қазақстан Президентіне Чехия Президенті М. Земеннің хатын табыстады және оның «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылуына қатысуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

 
Сутастан жасалған кәмпит салғыш. Чехия Республикасының сыртқы істер министрі Любомир Заоралектан.

28.11.2016. Астана қаласы, «Қазмедиа» орталығы.

Н. Ә. Назарбаев мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларымен кездесті. Кездесуге Президент Әкімшілігінің, Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің және басқа да мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Іс-шара барысында еліміздегі мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілері Мемлекет басшысына өздері басшылық ететін мекеменің қызметі туралы есеп берді.

Сонымен бірге, Қазақстан Президенті мемлекеттік БАҚ-тың жетістіктерімен және олардың алдағы даму жоспарларымен танысты. Елбасы жастарды адамгершілікке тәрбиелеуге септігін тигізетін сапалы отандық медиаконтент әзірлеудің маңыздылығын атап өтті.

«Мемлекеттік БАҚ медиа саласы нарығынан өз орнын алу үшін жұмыс жүргізуге тиіс. Мейлінше тартымды, соның ішінде әлемдік мәдениет пен тарих туралы ақпараттық контенттің көбірек болғаны жөн», – деді Н. Ә. Назарбаев. Отандық БАҚ жетекшілері Мемлекет басшысына Қазақстанның ақпарат әлеміндегі қазіргі ахуал және оның даму перспективалары туралы баяндады.

Соңында Елбасы бәсекеге қабілетті мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарын қалыптастыру қажеттігін атап өтіп, бірқатар нақты тапсырма берді.

 

«Түнгі студия» бағдарламасының логотипі бар саптыаяқ. Н. Қоянбаевтан. 28.11.2016 ж.

 

07.12.2016. Қазақстан. Атырау қ.

Елбасы Н. Ә. Назарбаев халықаралық мұнай-газ компанияларының басшыларымен кездесті. «ExxonMobil» компаниясының президенті Д. Вудс, «Total E&P» компаниясының президенті А. Брейяк, «Royal Dutch Shell» компаниясының бас атқарушы директоры Б. ван Берден және «Eni» компаниясының барлау және өндіру жөніндегі бас директоры А.Велла қатысқан кездесуде Қазақстанның мұнай-газ саласындағы әріптестікті дамыту мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы барлық мәселелерді, соның ішінде экологиялық түйткілдерді шешу үшін бірлесе күш жұмсаудың маңыздылығын атап өтті.

«ExxonMobil», «Total E&P», «Royal Dutch Shell» және «Eni» компанияларының басшылары республикада қолайлы инвестициялық жағдай жасалғаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, Тәуелсіздік мерейтойының құрметіне орай мұнай құйылған символдық сауыт, сондай-ақ 25 мың голланд қызғалдағы түйнегіне арналған сертификат табыс етті.

 

Голландия қызғалдағының 25 000 түйнегіне сертификат. «RoealDutchShell» компаниясының бас атқарушы директоры Бен ван Берден мырзадан.

14.12.2016. Астана. Ақорда.

ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Израиль мемлекетінің Премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кездесті. Шағын құрамда өткен кездесу барысында Қазақстан мен Израиль серіктестігінің басты бағыттары талқыланды және сауда-экономика, инвестиция, сондай-ақ, инновациялық технологиялар салаларындағы ынтымақтастықтың негізгі мәселелері қарастырылды.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Израильмен іскерлік байланыстарды одан әрі дамытуға мүдделі екенін айта келе, бұл сапар екіжақты қарым-қатынас аясын кеңейтуге тың серпін береді деп үміттенетінін білдірді.

Израиль мемлекетінің Премьер-министрі Қазақстанға Тәуелсіздік мерейтойы қарсаңында келгені өзі үшін зор мәртебе екенін жеткізді.

 

«Менора» шамдалы. Тоғызтүпті ақ металдан. Израиль Мемлекетінің Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мырзадан.

 

Кітапхана Музейінің жинағы ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың қоғамдық наградалар топтамасы Кеңес Одағының батыры А.И. Лизюковтың туылғанына 115 жыл медалімен толықты.

«Кеңес Одағының батыры А.И. Лизюковтың туғанына 115 жыл» медалі. Куәлігі қосымша. 19.10.2016 ж.

13.12.2016. Астана. ҚР ТПМ.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы Музейінде ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Кинологиялық орталығы тәуелсіз Қазақстанның ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы жетістіктерін айшықтау мақсатында Кітапхана Музейінің қорына кинологиялық орталықтың естелік сыйлықтарын тарту етті.

Кітапхана Музейінің қорына материалдарды тапсырудың мақсаты Музей ғимаратына келуші Қазақстан азаматтары мен елорда қонақтарына елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды қызмет болып табылатын Кинологиялық орталығына деген қызығушылығын ояту. Бұл шара тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен Кинологиялық орталықтың 15 жылдығы қарсаңында өткізілді.

ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Кинологиялық орталығының естелік сыйлықтары.

ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Кинологиялық орталығының естелік сыйлықтары.