Бізге 10 жыл

 
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейіне 10 жыл!
 
     Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі өз қызметінде тәуелсіз Қазақстанның тарихын зерттейтін және насихаттайтын жетекші білім беру, коммуникациялық, мәдени ақпарат және шығармашыл инновациялық орталық ретінде республика мұражайларының арасынан лайықты орын алды.
      2014 жылдың 25 тамызында Музей 10 жылдық мерейтойын іс-шаралар кешенімен өткізуді жоспарлап отыр.
Музейдің 10 жылдығына арналған «Қазіргі қоғамдағы Музей. Жаңа даму жолдарын іздестіру»  халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның жұмысы 09.30-да басталады.
Конференция  мақсаты мұражайлар мен ғылыми орталықтар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға, академиялық және мұражай қауымдастығын біріктіру.
     Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысына Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктердің, мемлекеттік органдардың, алыс және жақын шет мемлекеттердің ғылыми және мұражай қауымдастығының өкілдері қатысады.
Конференция барысында келесідей бағыттар бойынша секциялар жұмысы жүргізіледі:
·         Музейлер, кітапханалар, мұрағаттар – мәдени мұраны сақтау институттары.
·         Музей және ғылым: Серіктестік. Тәжірибе. Перспективалар.
·         Өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырудағы музейлердің рөлі.
     Конференция аясында қазіргі кезеңдегі мұражайлардың дамуы, олардың ғылыми және оқу-ағарту әлеуеті; мұражай тәжірибесіндегі интерактивтік және ақпараттық технологиялар; мұражай педагогикасы; келушілермен жұмыс жасаудың жаңа формаларына байланысты мәселелер талқыланатын болады.
Конференция аясында мұражай ісінің мамандарына арналған өзекті мұражай мәселелері және музей педагогикасындағы инновациялық әдістер туралы шеберлік-сыныптар өткізіледі.
     «Серіктестер шоқжұлдызы» музейлік форумы 10.30-да ашылады. Музей форумына музей серіктестері қатысады – дипломатиялық өкілдіктер, Қазақстанның барлық өңірлерінен және Астанадан аймақтық мұражай және мәдениет мекемелері. Форум мини-экспозициялар форматында әрбір мұражай қызметіндегі қор жинақтарының ерекшеліктерін, олардың насихатталу әдістері мен тәсілдерін қысқаша әрі кең түрде көрсетуге мүмкіндік береді.
«Серіктестер шоқжұлдызы» музейлік форумы Қазақстанның көптеген өңірлерінің шығармашыл топтарын біріктіріп, Ақтау, Атырау, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Отырар, Павлодар, Петропавл, Тараз, Өскемен қалаларындағы музейлік жинақтардың ерекшеліктерімен танысуға мүмкіндік береді. Форум қонақтары әртүрлі қалалардың музейлік коллекцияларының жауһарлары болып табылатын бірегей жәдігерлерді тамашалап қана қоймай, театрландырылған қойылымның көрермені және іс-шараның интерактивті бөлімінің қатысушысы да бола алады. Келуші өзін энеолит дәуіріндегі тас диірменде жұмыс істеуші немесе Қазақстанның ұланғайыр даласын бағындыруға келген алғашқы тың игеруші адам ретінде сезінуге мүмкіндік алады. Форум бағдарламасы бойынша Астананың жас суретшілерінің пленэрі өткізіледі.
      Форумның мақсаты – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің жетістіктерін еліміздің мұражай саласындағы негізгі нысандарын кешенді әрі кең түрде көрсету арқылы көрме, серіктестік және әдістемелік қызметі аясында мұражайаралық коммуникацияда көрсету.
Музейлік форумның көрме алаңына келуге тілектестік білдірушілерге еркін кіру рұқсат етілген.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің мерейтойына арналған мерекелік іс-шаралар барысында қонақтар Күмбезді залда орналасқан «Бізге 10 жыл» фотокөрмесі материалдарымен таныса алады. Үлкен банкет залында белгілі мүсінші         Н. Қалиевтың «Ағаш құдіреті» көрмесі ұсынылған.
Көрме Музейдің серіктестік көрме жобасы аясында Ш. Сариев атындағы Атырау облыстық бейнелеу өнері мұражайымен бірлесе ұйымдастырылуда.
14.00-де мұражай педагогикасы және белгілі мұражайтанушы-мамандардың қатысуымен Қазақстандағы мұражай ісінің өзекті мәселелеріне арналған шеберлік-сынып жұмысы басталады.