2015 ж.

      2015 жылдың 28 қазанында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде «Жастардың бойында лидерлік қасиетті дамыту» және «Елбасытану» элективті курстарының шеңберінде «Лидер болу – қоғам талабы» атты актер, әнші әрі сазгер Нұрлан Әлімжанмен кездесу өтті.

     Нұрлан Әлімжан – белгілі актер, сазгер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Жас тұлпар» премиясының лауреаты. Актер «Балалық шағымның аспаны», «Елбасы жолы», «Тығырықтан жол тапқан» фильмдерінде басты рөл – Елбасының бейнесін сомдаған. Ол кездесу барысында ойнаған рөлдері туралы ойларымен бөлісе отырып, Мемлекет басшысының өмірлік жолы және металлургтардың ауыр еңбегі туралы әңгімелеп берді. 

 
      Кездесу өте әсерлі өтті. Нұрлан Әлімжан балалық, жастық шағы, достық туралы еске алу барысында әзілдей отырып, алғашқы ұстаздарының өз өміріндегі рөлін ерекше ықыласпен атады. Ал оқушылар әрбір сұрақтарына толық жауап алды.
       Сонымен қатар, өзінің орындауындағы өлеңдері мен әндерін қатысушылар қошеметпен қарсы алды. Кездесу соңында Нұрлан Әлімжан қызықты сұрақ қойған оқушыларға ән жинағын ұсынды. 
 

 

     2015 жылдың 4 мамырында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде Бекмади Ахат, Кальсин Владимир Васильевич, Кальсина Раиса Егоровна, Фролов Александр Федорович, Алексеев Василий Игнатьевич сынды Ұлы Отан соғысының ардагерлерлері мен тыл еңбеккерлеріне құрметтеу рәсімі өткізілді.
    Сұрапыл соғыста жеңіске жету жолында миллиондаған адамның өмірі қиылды, сондықтан адамзат өткен соғыстың құрбандарын есте сақтай отырып, Бейбітшіліктің бағасын ерекше түсінеді. Содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтті, дүниеге жаңа ұрпақ келді. Олар үшін Ұлы Отан Соғысы – алыста қалған тарих. Дегенмен, соғыста жанын бергендер мен басынан өткізгендер алдындағы ар-намыс пен міндет біздің мемлекетіміздің жылнамасындағы қайғылы ерлікке толы беттерді ұмытуға мүмкіндік бермеуі керек. 
     Қахарман қонақтардың құрметіне Музейдің мәдени-білім беру қызметі аясында серіктестерімен бірлесе отырып, Қазақстандық солдаттар – Кеңестік Одақтың батырлары: Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, генерал-майор И.В. Панфилов бастаған 316-атқыштар дивизиясының батырларына арналған «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат!» мюзиклі дайындалды. Астана қаласы № 17 мектеп-гимназиясының оқушылары Ұлы Жеңіс тарихының беттерін парақтау барысында ерлік пен елдік, отансүйгіштік пен махаббатқа толы соғыстың отты жылдарын баяндады.
     Ардагерлерді құрметтеу рәсіміне Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери-Теңіз күші, ҚР ҚМ Ұлттық қорғаныс университеті, десанттық-шабуылдаушы бригада, қалалық ардагерлер Кеңесі, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің әскери кафедрасының өкілдері, Астана қ. Білім басқармасының әдіскерлері, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Астана қаласы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының мамандары,  № 16, 36 орта мектеп пен № 71 мектеп-лицейдің оқушылары қатысты. 
      Музейде өткен кездесуден естелік ретінде Ұлы Отан соғысына қатысушыларға сыйлықтар тарту етілді