2013 ж.

13 қараша 2013 ж. – 20 қаңтар 2014 ж.

      Ұлттық валюта енгізілуінің 20 жылдығына арналған «Теңге – Қазақстан тәуелсіздігінің нышаны» атты көрмесі
     «Теңге – Қазақстан тәуелсіздігінің нышаны» көрмесі  Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасы Президентінің Мұрағаты және Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағатының қолдауымен ұйымдастырылды.
      Қазақстан теңгесі, басқа да нышандармен қатар мемлекет егемендігінің шынайы атрибуты болып және пайда болған сәтінен бастап, еліміздің экономикалық және әлеуметтік өміріндегі барлық сынақтардан мүдірмей өтіп келеді. Ұлттық валютаның енгізілуі - дербес ұлттық экономиканың бастамасы және республикадағы нарықтық қатынастарды қалыптастырудағы маңызды құрал болды.
Өткен көрме Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгенің қалыптасуы мен нығаюының 20 жылдық тарихын көз алдымызға елестетуге мүмкіндік берді. Көптеген жәдігерлер қатарында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жеке мұрағатынан ұсынылған бірегей жұмыс жазбалары да болды.  Алғаш рет келушілер назарына теңге мен тиындардың алғашқы үлгілерінен бастап, қазақстандық валютаға дүниежүзілік даңқ пен халықаралық сарапшылардың жоғары бағасын берген инвестициялық және коллекциялық монеталарға дейінгі қазақстандық нумизматиканың толық топтамасы ұсынылды.


18 қыркүйек - 27 қазан 2013 ж.
 
       «XX – XXI ғғ. Ресейдің бірінші ханымдары» көрмесі
     «XX-XXI ғғ. Ресейдің бірінші ханымдары» көрмесі Музейдің «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық көрме жобасы аясында Ресей Федерациясының Мәдениет министрлігі және Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтті.
       Ұйымдастырушылар көрменің басты мақсаты – елдің қоғамдық-саяси және мәдени өміріндегі XX-XXI ғғ. Ресейдің бірінші ханымдарының рөлін мұражайлық әдістер арқылы ашып көрсетуге қол жеткізді. Көрменің басты тұлғалары: патшайым Александра Федоровна Романова, Надежда Константиновна Крупская, Надежда Сергеевна Аллилуева, Нина Петровна Кухарчук-Хрущёва, Виктория Петровна Брежнева, Татьяна Филипповна Андропова, Анна Дмитриевна Черненко, Раиса Максимовна Горбачёва, Наина Иосифовна Ельцина, Людмила Александровна Путина және Светлана Владимировна Медведева.
      Бұл көрме Ресей орталық мемлекеттік қазіргі заман тарихының мұражайымен  «Ресейдің әйел келбеті» жобасы аясында дайындалып, отбасылық мұражайлар мен Мемлекеттік тарихи мұражай, «Горки Ленинские» мемлекеттік тарихи қорық-мұражайы, Ресей Федерациясының мемлекеттік мұрағаты, Ресей әлеуметтік-саяси тарихының мемлекеттік мұрағаты, Қарулы Күштердің орталық мұражайының қор жинақтарынан ұсынылған мемориалдық кешендердің презентациясына негізделген.
 


26 маусым – 31 тамыз 2013 ж.

      Фотосуретші Владимир Куриловтың «Астана – арман қала» атты жеке көрмесі.
     Серіктестік жобасы аясында ұйымдастырылған көрме, Музейдің Қала күніне арналған іс-шаралар топтамасын бастады. Владимир Курилов көпшілікке Астананың жылнамашы-фотосуретшісі ретінде белгілі. Қазақстанның жас астанасына арналған көптеген фотосюжеттер арасында оның жұмыстары өзінің қайталанбастығы және тың көзқарасымен ерекшеленеді. Осы өңір тумасының дүниетанымынан көрініс тапқан фотосуреттер кешені Қазақстан астанасы дамуының әртүрлі кезеңдері жайлы баяндайды.
    Көрмеге Владимир Ивановичтің 2013 жылы «ұшар биіктіктен» орындаған 30-дан астам жұмысы қойылды. Қаланың панорамалық көріністерін ол биік ғимараттардың төбесінен, әртүрлі жарық беру кезінде және күтпеген ракурстерде түсірген. Астананың мұндай көріністерін тек Владимир Иванович қана жасайды. «Өз ісіңді сүйіспеншілікпен атқаратын болсаң, әрқашан қажетті нәтижеге қол жеткізуге болады», – деп айтады автор.


3 шілде – 11 тамыз 2013 ж.


      «Ғасырлар өрнегі» атты Зәмзегүл Оралбаева мен Әсел Хайролланың бірлескен көрмесі
      Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінде Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Оралбаева Замзегүл мен «Дизайн-Дебют–2012», «Сібір кутюрьесі» халықаралық байқауларының дипломанты Хайрулла Әселдің «Ғасырлар өрнегі» атты бірлескен шығармашылық көрмесі өтті. Көрме ҚР Тұңғыш Президенті Музейінің «Үкілі үміт» атты шығармашыл жастарды қолдауға арналған жобасы аясында ұйымдастырылды. Бұл жобаның басты мақсаты жас суретшілерге, сәндік-қолданбалы өнер шеберлеріне қолдау көрсету.
      Қазақстан астанасының мерейтойы қарсаңында кезекті көрменің ашылуы кездейсоқтық емес. Астанамыздың жастықтың, жаңарудың және шығармашылықтың символына айналғаны сөзсіз. Музей жобасына қатысушы жастар Елорданың жүрегінде орналасқан Музей ғимаратында, астананы Алматыдан Астанаға көшірген уақытта Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті алғашқы қызмет атқарған жұмыс орнында көрменің ашылуын өздерінің шығармашылық өмірінің ерекше бір қайталанбас бөлігі деп есептейді.
      Киіз басу, киізден бұйымдар жасау – қазақ мәдени мұрасының ең көне түрлерінің бірі. Киіз – басылған қой жүні – біздің дәстүрлі өнеріміздің синонимі, сонымен қатар халықтың күнделікті тұрмысының шынайы келбеті. Ата-бабаларымыз ежелден бері киіз басу өнерінің ғажап технологиясын ойлап тауып, жүннің табиғи қасиеттерін жұмсақтық пен жылылықты, иілгіштік пен төзімділікті ұтымды пайдаланып, бұйымды сапалы өңдеуде іскерлік таныта білген.
      Зәмзегүл Оралбаеваның киізге сурет салу өнері көрме қонақтарының ерекше қызығушылығын тудырды. Автордың жұмыстары бояудың нәзік иілімдерімен, табиғи түстерімен ерекшеленеді. Суретшіні ата-бабаларымыздың атамекені, оның рухы мен сұлулығы шабыттандырады. Оның киіз кенептері қазақтардың көне мәдениеті мен тарихына деген көмескі естеліктерге толы. Көрмеге шебердың 30-ға жуық жұмысы халық назарына ұсынылды.
      Көрменің келесі авторы – ақтөбелік Әсел Хайролла киізден түрлі киімдер жасау арқылы қазақтың дәстүрлі өнерін жаңғыртып жүргендердің бірі. Киіз басу технологиясын қолдана отырып, әртүрлі мата фактурасымен әйелдердің тігіссіз заманауи киім үлгілерін жасайды.
 


10 – 29 шілде 2013 ж.
 
     «Семей замана ағымында» көрме
      Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінде Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейінің 130 жылдық мерейтойына арналған «Семей замана ағымында» атты фотокөрмесі өтті. Көрме Музейдің Музейаралық серіктестік жобасының аясында ұйымдастырылды.
Көрме экспозициясына Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейінің алтын қорынан алынған ХІХ-ХХ ғғ. қаланың бірегей фотосуреттерімен қатар жаңа қаланың көріністері, және әр түрлі жылдардың фотоаппараттары қойылды. Семей қаласы қазақ әдебиеті, ғылым мен өнерінің негізін қалаушылардың отаны болып табылады. Бұл – ұлы Абайдың, ғұлама философ Шәкәрім Құдайбердіұлының, әлемге танымал жазушы Мұхтар Әуезовтің, әнші Әміре Қашаубаевтың туған жері, алашордалықтардың шығармашылық қызметі де осы қаламен тығыз байланысты.
Семей облыстық тарихи-өлкетану музейі Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің қалыптасқан серіктесі болып табылады. Көрменің салтанатты ашылу рәсімінде Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Б. Н. Теміров, Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағатының бас директоры М. О. Әбсеметов, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің директоры А. С. Сағынғали сөз сөйледі.
 


3 – 13 мамыр 2013 ж.


      «Гейдар Әлиев және оның кезеңі» атты көрме
      At the ҚР Тұңғыш Президентінің Музейінде әзірбайжан халқының жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің 90 жылдығына арналған «Гейдар Әлиев және оның кезеңі» атты көрме өтті. Көрме ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Қорымен бірлесіп, ҚР-ғы Әзірбайжан Республикасы Елшілігінің қолдауымен Музейдің «Мәдениет арқылы үнқатысу» жобасы аясында ұйымдастырылды.
      Гейдар Әлиев мемлекетті Кеңес Одағы ыдыраған өте қиын заманда басқарды. Оның басшылығымен қысқа мерзім ішінде елде тұрақтылық пен қауіпсіздік орнап, Конституция қабылданды, Әзірбайжанның басқа елдермен қарым-қатынастар аясы кеңейді, мұнайгаз стратегиясының негізі қаланып, Әзірбайжан ұзақмерзімді экономикалық өркендеу жолына түсті.
      Әлемге танымал саясаткер Гейдар Әлиевтің қажырлы өмір жолы, қызу да, табысты қоғамдық-саяси қызметі Әзірбайжанның қазіргі заманғы тарихында маңызды орын алады. Келушілер ҚР Тұңғыш Президенті Музейінің қорларынан алынған мұрағаттық фото және бейнематериалдар, кітаптар және жәдігерлермен танысты. Көрме экспозициясын, сонымен қатар еліміздегі Әзірбайжан Елшілігі ұсынған фотосуреттер толықтырды.


27 наурыз – 21 сәуір 2013 ж.


      «Ұсталық – ұрланбайтын қасиет» атты Естай Дәубаевтың жеке көрмесі
      Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінде серіктестік жоба бойынша белгілі зергер, «Жігер» жүлдесінің лауреаты Естай Дәубаевтың «Ұсталық – ұрланбайтын қасиет» атты алғашқы жеке көрмесі өтті.
      Е. Дәубаев көптеген халықаралық көрмелер мен жәрмеңкелерге ұйымдастырушысы есебінде қатысқан. Автор Астанадағы Президенттік мәдениет орталығы, Орал қаласындағы «Алтын Орда» және Петропавл қаласындағы «Абылай хан резиденциясы» мұражай кешенінің қолданбалы-әшекей өнері экспозициясын жасауға септігін тигізген.
      Естай Дәубаевтың зергерлік бұйымдары Музейдің үш көрме залында өз орнын тапты. Үлкен көрме залында қазақ батырларының қару-жарақтары, ат әбзелдері, сондай-ақ, дәстүрлі қазақ қоғамына тән хандардың билік нышаны болып табылатын асатаяқтар мен күрзілер тамашаланды. Кіші көрме залына өңіржиек, қос білезік, шекелік, сырға, тұмар, жүзік сынды қазақ қыздарының әшекей бұйымдары қойылды. Зергерлік бұйымдардың барлығы маржан, малахит, лағыл, агат сынды таза бағалы тастармен безендірілген. Ал, үшінші көрме залында халық назарына зергердің он жыл бойы еңбектенген жаңа туындысы – сәукеле халық назарына ұсынылды.


20 ақпан – 15 наурыз 2013 ж.


      Қ. Әжібекұлының «Асыл арман» атты жеке көрмесі
      Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде белгілі кескіндемеші, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Қазақбай Әжібекұлының «Асыл арман» атты жеке көрмесі өтті. Өзінің мағыналық және көркемдік мазмұны жағынан «Астана таңы» кескіндемесі экспозицияның басты туындысы ретінде алынды. Астана құрылысының алғашқы жылдарында салынған кескіндеме жаңа Қазақстан, жаңа қоғам, жаңа Көшбасшы – дәуірлер тоғысында дүниеге келген Арманды іске асырушылардың бейнесін айқын көрсетеді. Экспозицияда суретшінің бастапқы және қазіргі шығармашылық кезеңінде дүниеге келген 40-тан астам туындысы ұсынылды.
      Қ. Әжібекұлы - өзіндік қолтаңбасы бар автор, көптеген жүлделердің лауреаты, соның қатарында Ә. Қастеев атындағы арнайы сыйлықтың (1999 ж.), ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері (2001 ж.), ҚР Президенті стипендиясының (2009 ж.) және Мемлекеттік стипендияның (2010 ж.) лауреаты. Соңғы жетістіктерінің қатарында – «Қазақ халық эпосы. Қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрлері» (Алматы қ., 2012 ж.) байқауындағы жеңісі де бар.