2015 ж.

     2015 жылдың 27 мамырында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі жанындағы Педагогтар кеңесінің дәстүрлі отырысы өтті. Отырыс жұмысына Педагогтар кеңесінің мүшелері, Астана қ. Білім басқармасының өкілдері, елорда мектептерінің тарих пәнінің мұғалімдері қатысты.
Күн тәртібінде келесі мәселелер қаралды:
 
    1.2014-2015 оқу жылына қорытынды жасау.
    2.2014-2015 оқу жылындағы «Музей сабақтарының жинағына» сабақтарды енгізу.
    3. Жаңа оқу жылының жоспарын құру.
    ҚР ТПМ директорының орынбасары, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің жанындағы педагогтар Кеңесінің төрайымы, тарих ғылымдарының кандидаты Қайыпова Б.М. мұғалімдерді оқу жылының аяқталуымен құттықтай отырып, Музей мен Астана қ. Білім басқармасының 2014-2015 оқу жылындағы бірлескен жұмысын қорытындылады.
    Оның ішінде, Білім күні қарсаңында қалыптасқан дәстүр бойынша 1 сыныпқа баратын бүлдіршіндер үшін музейлік сабақ өткізілді. № 4 мектеп-гимназиясының ұстазы, Педагогтар кеңесінің мүшесі, «Үздік музейлік сабақ» қалалық байқауының жеңімпазы Сейдахметова Айсұлу Қуанышқызы өткізілген «Тәуелсіздігімнің тірегі – Ата Заң» сабағы туралы айтып берді.
   Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеу барысында 2014 жылдың ақпан айында басталған мектепаралық, музейаралық ұзақмерзімді регата Жобасының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.
    Қалыптасқан дәстүрге сәйкес тарих пәні мұғалімдерінің аттестациясы бойынша эксперименталды алаң аясында қоғамдық пәндер мұғалімдеріне арналған «Аттестация – шығармашылыққа жету жолдары» атты семинар ұйымдастырылды.
     Семинар аясында біліктілігі жоғары деңгейдегі ұстаздар өз санаттарын көтеру үшін келесі тақырыптарда сабақтар берді:
–  «Біз бір халықпыз» фестиваль сабағы (ҚТЛ, «АСУ» гуманитарлық-техникалық колледжі).
–  «Тарих – ғасырлар куәсі» зияткерлік сайыс сабағы (№ 8, 61, 50 мектептер).
 
  
    Сабаққа талдау жасау барысында аттестациялық комиссияның мүшелері шараны дайындаудағы жоғары кәсіби деңгейін атап өтті. 
   2015 жылдың 4 мамырында Музейде Ұлы Отан соғысының ардагерлерлері мен тыл еңбеккерлеріне құрметтеу рәсімі өткізілді. «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат!» деп аталатын Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған ардагерлермен кездесу-сабақ барысында Ақан Құрманов атындағы № 17 мектеп-гимназияның оқушылары Ұлы Жеңіс тарихының беттерін парақтай отырып, ерлік пен елдік, отансүйгіштік пен махаббатқа толы соғыстың отты жылдарын баяндады.
    27 наурызда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі жанындағы «Ақиқат» пікірталас клубы Астана қаласының Білім басқармасымен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің ауыспалы кубогіне оқушылар арасында қалалық дебаттық турнир өткізді. Турнирдің басты идеясы – Қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығын атап өтуге байланысты сұрақтарды қарастырды. Шара 2014 жылы ауыспалы кубокті жеңіп алған № 38 мектеп-лицейінде өтіп, оған 23 қазақ, орыс лигалары қатысты.
    Педагогтер кеңесінің қорытындысында Білім басқармасының әдіскерлері аталған шараларға белсенді түрде қатысқаны үшін ұстаздарға алғысын білдірді. № 46 балабақша-мектеп-гимназия кешенінің тарих пәнінің мұғалімі Маканова Т.В. мектепаралық музейаралық регата Жобасын өткізу барысындағы әсерлерімен бөлісті.
   ҚР ТПМ МПО жетекшісі Қазбекова Р.Ұ. 2014-2015 оқу жылында өткен сабақтарды «Музей сабақтарының жинағына» енгізуге ұсыныс жасады және Лекторий кестесіне сәйкес алдағы жарты жылдыққа жоспарланған шаралармен таныстырып өтті. Атап айтқанда дәрістер, сабақтар және «Елбасытану», «Жастардың бойында лидерлік қасиетті дамыту жағдайлары» элективтік курстары, «Тәуелсіздік – қазақтың сан ғасырлық арманы» атты қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығына арналған тарихи көріністер шеруі жоспарланып отырғанын айтып, қатысуға шақырды. 
   Кеңестің нәтижесі бойынша Астана қаласының барлық білім беру ұйымдарымен бірлескен жұмысты жалғастыру, Музей сабақтарын өткізуде музей педагогикасы саласындағы инновациялық технологияларды енгізу, тарих пәні мұғалімдерінің аттестациясы бойынша экспериментальды алаң негізінде қаланың мұғалімдеріне әдістемелік және кеңес беру жұмысын жүргізуді жалғастыру ұсынылды.