2013 ж.

      2013 жылдың 21 маусымында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейі жанындағы Педагогтар кеңесінің дәстүрлі отырысы өткізілді. Отырыс жұмысына Педагогтар кеңесінің мүшелері, Астана қ. Білім басқармасының өкілдері, сонымен қатар елордалық мектептердің тарих пәні ұстаздары қатысты.

      Күн тәртібінде келесідей мәселелер қарастырылды:
1. «Қазақстан патриотизмінің ұлы күші» сабағы.
2. 2012–2013 оқу жылы бойынша Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейі мен Астана қ. Білім басқармасының бірлескен жұмысының қорытындысын шығару.
3. «2012–2013 оқу жылы бойынша Музей сабақтарының жинағына» жариялауға ұсынылған сабақтардың сценарийлерін бекіту.

    Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейі жанындағы Педагогтар кеңесінің төрайымы, Музей директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Б.М. Қайыпова өз сөзінде «Қазақстан патриотизмінің ұлы күші» сабағы Астана қ. тарих пәні ұстаздарын аттестациялау бойынша эксперименталды алаңының аясында өткізілгендігін атап өтті. Сабақты дайындау барысында Сауда-экономикалық колледжінің педагогы С.М. Құндызбековаға Музей педагогикасы орталығының қызметкерлері жан-жақты әдістемелік-консультациялық көмек көрсетті. Мұғалім материалды жеткізуде инновациялық әдістер мен тәсілдерді қолданды. Сабақ барысында Елбасының Жеке мұрағатынан алынған бірегей құжаттар қолданылды.
      Педагогтар кеңесінің мүшесі, № 60 мектеп-лицейінің тарих пәні ұстазы А.С. Хамитова сабақтың әдістемелік құрылымының жоғары деңгейін, мұғалім мен Музей қызметкерлерінің педагогикалық шеберлігін ерекше атап өтті. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауы негізінде құрылған тақырып күрделілігіне қарамастан, оқушыларға «жаңа қазақстандық патриотизм» ұғымын түсіндіріп берілгені аталды.
    Отырысқа шақырылған ұстаздар тәуелсіз Қазақстанның тарихы туралы білімді тереңдету мақсатында Музей әлеуетін пайдалана отырып, интерактивтік тәсілдерді, инновацияларды енгізуде әдістемелік көмек көрсеткендері үшін, кәсібилігі, ілтипаттылығы үшін Музей әкімшілігіне алғыс білдіре отырып, серіктестік қатынасты әрі қарай жалғастыруға ұсыныстарын білдірді.
      2012–2013 оқу жылы бойынша Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейі мен Астана қ. Білім басқармасының бірлескен жұмысының қорытындысын шығара отырып, келесідей цифрлар келтірілді: білім беру бағдарламасы аясында 4028 адам қатысқан 95 іс-шара өткізілді. Оқу жылы ішінде Музей педагогикасы орталығы қызметкерлерінің бастамасы бойынша және Білім басқармасының келісімімен мазмұны мен формасы жағынан әртүрлі музейлік сабақтар, шеберлік-сыныптар, экскурсия-сабақтар, «Мұғалімдерді аттестациялау – педагогтардың шеберлігін арттырудың құрамдас бөлігі» үш қалалық семинары, №№ 35, 56 мектеп-лицейлерінің оқушыларына «Жастардың бойында лидерлік қасиетті дамыту» («Развитие лидерских качеств у молодежи») элективтік курстары, дәрістер, кездесу сабақтары, қалалық және халықаралық деңгейдегі пікірталастар өткізілді.
      Модератор сөз соңында үздік музейлік сабақ сценарийлері авторларының тізімін атап өтті. Дауыс берудің нәтижесі бойынша 15 ұстаздың сабағы «2012–2013 оқу жылы бойынша Музей сабақтарының жинағына» жариялауға ұсынылды.
     Көпшіліктің пікірі бойынша Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейі жанындағы Педагогтар кеңесі – елорда мұғалімінің педагогикалық шеберлігінің артуына көмектесетін ықпалды орган.