2015 ж.

      2015 жылы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік – азаттықтың асыл кепілі» атты «дөңгелек үстел» өткізілді.
Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі, Мемлекет тарихы институты, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің өкілдері, ғалымдар, зерттеушілер және Астана қ. оқу орындарының қоғамдық пәндер оқытушылары қатысты.
      Дәстүр бойынша «дөңгелек үстел» Музейдің Күмбезді залында Парламент палаталары мен Үкіметтің бірлескен отырысында Ақмола қ. (қазір Астана қ.) тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасы болып жарияланған күні өткізіледі.
     «Дөңгелек үстел» барысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың егеменді мемлекетті қалыптастырудағы шешуші рөлі, Қазақстан мемлекеттілігінің тарихы, тәуелсіздік жылдарындағы ел дамуының стратегиясы, жаһандану және аймақтық интеграцияның өзекті мәселелері талқыланды.
     Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі, заң ғылымдарының докторы В. Малиновский өз баяндамасында Қазақстан Республикасы Конституциясы қалыптасуының негізгі кезеңдеріне және Конституциялық Кеңестің қызметіне тоқтала келе, «Қазақстан Республикасының Конституциясы қоғам мен мемлекетте бейбітшілік пен келісімнің ілгерілеуін қамтамасыз ете отырып, саяси, заңды, ұйымдастырушылық, идеологиялық, халықаралық қызметті орынды үйлестіреді және тиімді атқарады» деп атап өтті.
     Елбасы бастамаларына Қазақстан халқының көзқарасын, оның ішінде 5 институционалдық реформаны жүзеге асыру үшін жарияланған «100 нақты қадам» жоспары туралы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің стратегиялық жобалар және сараптау орталығы секторының меңгерушісі С. Коновалов баяндады.
     Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Тарих факультеті, Еуразиялық зерттеулер кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Б. Көмеков өз баяндамасында біздің мемлекеттілігіміздің тарихы осыдан 2,5 мың жыл бұрын қалыптасқандығын атап өтті. Академиктің пікірі бойынша тамыры тереңде жатқан мемлекеттіліктің үрдісі, тәуелсіз Қазақстан Республикасын құруда өзіндік орын тапқан.
     Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдығы туралы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, «Мемориалды аймақ» іздестіру тобының командирі М. Құсаинов өз баяндамасында айтып өтті. Әскери археология туралы жалпы қалыптасқан анықтамалардың негізінде ғалым өз тарапынан осы терминнің жаңа анықтамасын ұсынды. Сонымен қатар, «Мемориалды аймақ» іздеу тобының қызметі туралы баяндады.
     Кең көлемде зерттеуге түрткі болған, жобалық жұмыс, ғылыми дәріптеу қызметінің негізінде Елбасының қоғамдық-саяси ракурсы мен феномені мәселелерін зерттеудегі Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің рөлі атап өтілді.
     Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктері мен табыстары – болашақ ұрпақ үшін мұра, ХХІ ғасырда қуатты, тәуелсіз және серпінді дамып келе жатқан Қазақстанды құрудың берік негізі екенін атап көрсетті «дөңгелек үстелге» қатысушылар.
Конференцияны ұйымдастырушылар қатысушылардың баяндамалары енгізілетін «дөңгелек үстел» жинағын басылымнан шығаруды жоспарлап отыр.

   2015 жылы 15 маусымда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде Қазақстан Республикасындағы Польша Республикасының елшілігімен бірлесе ұйымдастырылған «Қазақстандағы поляк дипломаттары (1941–1943 жж.)» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.
    Конференция жұмысына елшілік қызметкерлері, шетелдік зерттеушілер – тарих ғылымдарының докторы, Краковтағы Халық ағарту комиссиясы атындағы Педагогикалық университеттің оқытушысы Хуберт Худзио, Варшавадағы Ұлттық Зерде институтының тарихшысы Славомир Кальбарчик, сонымен қатар отандық ғалымдар – Легкий Д.М., Степаненко Н.В., Ғұбайдуллина М.Ш., Күлбаева А.Т., Исова Л.Т., Мамытова С.Н., Елеуханова С.В., мұрағат және музей қауымдастығының өкілдері қатысты.
    Өзінің құттықтау сөзінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің директоры А. Сағынғали: «Польша мен Қазақстанды мықты, көп ғасырлық дәстүрлер байланыстырады. Қазақстандағы мыңдаған поляк диаспорасы, халықтарымыздың тарихи тағдырларының ортақтығы, сонымен қатар тығыз рухани, мәдени және гуманитарлық байланыстар қазақстан-поляк қарым-қатынастарының негізін қалаушы элементтері және одан әрі қарай дамуының кепілі болып табылады. Қазақстан мен Польша арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар қалыптасқаннан бері тұрақтылық пен өмірдің түрлі салаларындағы ынтымақтастық жағдайында жиырма жылдан астам уақыт өтті»,- деп атап өтті.
       Қазақстан Республикасындағы Польша Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Яцек Ключковски: «барлық ұлттар өз үйіндей сезінетін, қабілеттерін көрсетіп, армандарына жете алатын Қазақстанда жүргізіліп жатқан бейбітшілік пен келісімнің бірегей саясатын Польшада жоғары бағалайды», - деп атап көрсетті.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында поляк Делегатуралары – Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазіргі Қазақстан аумағындағы дипломатиялық өкілдіктер қызметі мен тарихи тағдырларын зерделеудің өзекті мәселелері талқыланды.
       Алғаш рет ғылыми айналымға енгізілген құпия мұрағаттық құжаттар тақырып ретінде конференцияға қатысушы ғалымдардың зерттеу еңбектері арқылы ресми түрде, көпшілікке жария етілді.
     Тарих ғылымдарының докторы Хуберт Худзио: «КСРО аумағында қызмет атқарған 19 поляк Делегатурасының 9-ы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасында (қазіргі Қазақстанда) құрылды. Олардың штаб-пәтерлері Алматы, Ақмола (қазіргі Астана), Чкалов, Шымкент, Жамбыл (Тараз), Қостанай, Павлодар, Петропавловск (Петропавл), Семипалатинск (Семей) қалаларында орналасты», - деп атап көрсете отырып, делегатуралар пайда болуының тарихи алғышарттарына және депортацияланған поляктардың тағдырларына тоқталды.
    А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Дмитрий Легкий баяндамасында Қазақ КСР-і Қостанай қаласындағы поляк делегатурасының қызметі (1941-1943 жж.) туралы ақпарат берді. Ол: «ұзақ уақыт бойы, XXI ғасырдың басына дейін поляк делегатурасының қызметі мен генерал Андерс басқарған поляк армиясының құрылуы секілді дерек «әскери құпия» (бір де бір зерттеуде аталмаған) болып келді», - деп атап көрсетті.
    С. Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Надежда Степаненко Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Ақтөбе қаласындағы Польша өкілдігі (1941-1943 жж.) туралы баяндамасында: «1943 жылы кеңес-поляк қарым-қатынастары шиеленіскеннен кейін КСРО-дағы, оның ішінде Қазақстандағы барлық поляк өкілдіктері жабылып, құжаттары жойылды. Ақтөбе қаласындағы делегатура қызметі бойынша сақталып қалған мұрағаттық құжаттарды тарихи сәттілік деп есептеуге болады», - деп атап көрсетті.
     Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы М.Ш. Ғұбайдуллинаның, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты А.Т. Күлбаеваның баяндамасында екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Алматы қаласындағы поляктардың жағдайы (1941-1943 жж.) Алматы мұрағаттарындағы жекелеген құжаттардың негізінде ашып көрсетілді.
      Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Л.Т. Исова мұрағаттық деректер мысалында Польшаның Қазақ КСР аумағындағы дипломатиялық қызметінің ерекшеліктеріне тоқталды.
      Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты Евразиялық интеграция және Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор С.Н. Мамытова баяндамасында қазіргі тарихшылардың Қазақстанға ХХ ғасырдың 30-40-шы жж. халықтардың еріксіз жаппай көшірілуінің объективті, жан-жақты бағасын беруге талпыныс жасап жатқанын атап көрсете отырып, этникалық депортация тарихына назар аударды.
    Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты С.В. Елеуханова Қарағанды облысы аумағындағы 1941-1943 жж. поляктардың тарихы туралы дереккөздерді саралай отырып, жекелеген құжаттарды түсіндіру, тексеру және салыстырудың маңыздылығын атап көрсетті.
      Қазақстан Республикасындағы Польша Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Яцек Ключковски конференцияны қорытындылай отырып, іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Музей әкімшілігіне алғысын білдірді және Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінде конференция өткізудің маңыздылығын атап көрсетті.
       Конференция ұйымдастырушылары қатысушылардың баяндамалары енгізілетін жинақты басылымнан шығаруды жоспарлайтынын атап өтті.