2012 ж.

      2012 жылдың 14 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінде № 56 мектеп-лицейі оқушыларының республикалық бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы қатарына қабылдануына байланысты салтанатты рәсімі өткізілді.

   Республикалық «Бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігі – Қазақстан Республикасы балалары мен жасөспірімдерінің Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың бастамасымен 2011 жылы құрылған ұйымы. Аталмыш ұйымның мақсаты қазақстандық халыққа, мәдениетке, төзімділік дәстүрі мен бітімгершілікке сүйіспеншілік пен құрметтің, ұлттық құндылықтардың негізінде, үздіксіз білім алу мен өзін-өзі жетілдіру арқылы өскелең ұрпақты Отанның патриоттары ретінде тәрбиелеу болып табылады.
      «Жас Ұлан» қатарына қабылдаудың негізгі мақсаты оқушылардың қоғамдық, танымдық және шығармашылық белсенділігін көтеру екендігі сөзсіз.

      Салтанатты рәсім барысында «Жас Ұлан» мүшелері оқушыларды ұйымның Ережесімен, міндеттерімен таныстырды. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейі директорының орынбасары Б.М. Қайыпова, № 56 мектеп-лицейінің директоры Ж.А. Әлпешев, «Бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы» РҚБ төрайымының орынбасары Ә.Д. Ыбраев балаларға тілек білдіре келе, жас қазақстандықтарға зор үміт артылатындығын айтты.
      Рәсімнен оқушыларға естелік ретінде естелік сыйлықтар табыс етілді.


      2012 жылдың 1 қыркүйегінде жаңа оқу жылының қарсаңында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде № 56 мектеп-лицейінің бірінші сынып оқушыларына Конституция күніне арналған «Конституция – мемлекет тәуелсіздігінің негізі» атты мерекелік сабақ өтті.
      Республикалық референдум арқылы қабылданған Ата Заңымыздың он жеті жылдығын 2012 жылдың 30 тамызында атап өттік. Егеменді Қазақстан үшін бұл ерекше саяси және тарихи маңызы зор мереке. Конституцияны қатаң ұстану – бұл мемлекет пен қоғамдағы азаматтық келісімнің сәтті дамуының негізі. Өз елімізді, тарихымызды, жетістіктерімізді құрметтегендей Ата Заңымызға да аса мәртебемен қарау – біздің басты міндетіміз.

      Мерекелік сабақты Музей педагогикасы орталығының аға оқытушысы Ә.Ә. Оспанова және № 56 мектеп-лицейінің мұғалімі Э. Қ. Жоламановамен бірлесе отырып дайындады. Мұғалім «Шаттық шеңбері» әдісін қолдана отырып, балаларды құқықтық мемлекет пен демократиялық қоғамды құруға негіз болған елдің Ата Заңымен таныстырды. Мұндай іс-шаралардың басты құндылығы – балалар бойында лидерлік қасиеттерді және патриоттық сезімді қалыптастыру болып табылады.
      Өзін-өзі тану тәсілдері арқылы балалар Отан, ана тіл, еркіндік, мемлекет тарихы мен дәстүрі секілді ұғымдар туралы өз білімдерімен бөлісті. Балалар Қазақстан картасы мен әріптерді қолдана отырып, елімізде тұрып жатқан ұлттар туралы әңгімелеп қана қоймай, Әнұранды орындады.
      № 56 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы, музейлік білім бағдарламаларының белсенді қатысушысы Сарин Шахмұрат оқушыларға өз тілегін айтты. Музей қабырғасында алғашқы рет бүлдіршіндерге алғашқы қоңырау соғылды. Ұйымдастырушылардың ойластыруы бойынша 2013 жылдың 25 мамырында бүгінгі бүлдіршіндер Шахмұрат пен оның құрдастарына соңғы қоңырауды соғатын болады.

      Ерекше сабақтың қатысушылары Музей қорындағы мұрағаттық құжаттар мен фотоларды тамашалады. Олардың арасында Н.Ә. Назарбаевтың өз қолымен өзгертулер мен толықтырулар енгізілген ҚР Конституциясының бірегей жобалары да бар.
      Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінде өткен алғашқы сабақтан естелік ретінде балаларға естелік сыйлықтар мен кәдесыйлар берілді.


      2012 жылдың 15 мамырында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде № 67 гимназия оқушыларының қатысуымен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік нышандары күніне арналған «Тәуелсіздік символы» тақырыбында мерекелік-сабақ өткізілді.
      Оқушылар театраландырылған қойылымдар, өлеңдер, әндер арқылы тәуелсіз мемлекеттің негізгі нышандары: Ту, Елтаңба және Әнұран туралы баяндалатын тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихының қызықты беттерін бейнеледі.

      Тыңдаушылар Музей қорынан алынған мұрағат құжаттары мен фотолар арқылы тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жас мемлекеттің мемлекеттік нышандарын қалыптастырудағы тарихи рөлімен танысты. Бұл бірегей құжаттардың ішінде Елбасының қолымен түзетулер мен толықтырулар енгізген Әнұранның жаңа редакциядағы нұсқасы бар.