2012 ж.

     2012 жылдың 5 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінде «Тұңғыш Президент және тәуелсіз Қазақстанның одан әрі дамуы» ғылыми бағдарламасының аясында Тәуелсіздік күніне арналған «Елбасы және Тәуелсіздік» атты «дөңгелек үстел» өткізілді. 
      Іс-шараны ұйымдастырушылар – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры. 
      Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының өкілдері, ғалымдар, зерттеушілер, мектеп ұстаздары қатысты. 
     «Дөңгелек үстелге» қатысушылар ашық және жемісті пікірталас барысында тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы мен даму тарихының өзекті мәселелерін, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандық мемлекеттілікті құрудағы, тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы, қоғамның демократиялануы мен президенттік институттың нығаюындағы тарихи рөлін, халықты біріктіру үдерісіне, бейбітшілік пен келісімді нығайтуға, сол сияқты елдің сыртқы саяси стратегиясын айқындауға қосқан үлесін талқылады.
      «Дөңгелек үстелдің елімізде таяуда ғана, 1 желтоқсан күні аталып өткен жаңа мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне орайластыра өткізілуінің нышандық маңызы бар деп есептеймін. Еліміз Президентін сайлауымен қатар, бір мезгілде Қазақстан Республикасы атауын алды және тәуелсіздігін жариялады.
Сондықтан тәуелсіздігіміздің, президенттік институты мен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі қазақстандықтардың санасында бір-бірімен сабақтасқан ұғымдар болып қалуы заңдылық. Бүгін біз тәуелсіздіктің табыстары мен еліміздің өткерген кезеңдері және бұл үдерістердегі Елбасының рөлі арасындағы диалектикалық өзара байланысты талқылауға жиналып отырмыз. Елбасының тұлғасы егеменді еліміздің барлық оқиғаларына өзінің зор қолтаңбасын қалдырды», - деп атап көрсетті Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесі бастығының орынбасары, саяси ғылымдарының кандидаты Б.Б. Темірболат. 
      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің Төрағасы, саяси ғылымдарының докторы, профессор А.Қ. Бижанов Қазақстан Республикасында парламентаризмнің қалыптасуы мен дамуындағы президенттік институтының рөлі туралы баяндады. 
    Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ректорының кеңесшісі, саяси ғылымдарының докторы, профессор, академик, Төтенше және Өкілетті Елші Т.Ы. Сүлейменов баяндамасында: «Нұрсұлтан Назарбаев Тұңғыш Президент етіп сайлаған халқының өзіне көрсетілген үлкен сенімін аса қадірлейді. Бұл сенімді ақтау үшін шаршамай қызмет етеді. Ол уәдесіне берік, өзіне де өзгеге де талапшыл, еңбекқор, батыл, іскер жетекші» дей отырып, тәуелсіз Қазақстанды құру барысында жарқырай көрінген, халықаралық аренада табыстарға жетуіне, барлық қазақстандықтарға лайықты жағдай жасауына көмектескен Н. Ә. Назарбаевтың көшбасшылық қасиеттеріне тоқталды. 
      «Елдің құқықтық жүйесінің қалыптасуы мен дамуы Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев бекіткен құқықтық саясат негізінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылды», - деп атап көрсетті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Н.И. Акуев. 
      Қазақстан Республикасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ көпвекторлықты сыртқы саяси бағытының негізгі тұжырымдамасы ретінде ала отырып халықаралық қарым-қатынастың белсенді қатысушысы ретінде өз ұстанымын көрсеткенін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор М.А. Сәрсембаев атап өтті. 
      «Дөңгелек үстелге» қатысушылар егеменді Қазақстанның табыстарымен байланысты адам ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев - барлық қызметі өз халқы мен Отанына қызмет етудің үлгісі болып табылатын әлемдік ауқымдағы көрнекті саясаткер деген тұжырымға келді.